Исламдық бағалы қағаздар

news5
28.11.2017 Исламдық бағалы қағаздар

АСТАНА.ҚАЗИНФОРМ. – Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Исламдық қаржыландыруды дамыту жайлы айтты, - деп МИА «Қазинформ» тілшісі жеткізеді. 

«Қазақстан 2009 жылдан бері ТМД елдері мен Орталық Азияда Исламдық қаржыландыруды жүзеге асырудан көшбасшы. Рейтерс-тің соңғы есебіне сәйкес, Қазақстан Исламдық инвестицияларға қолайлығы бойынша бесінші орынды иеленді. Бұл рейтинг Ислам Ынтымақтастығы Ұйымыңның мүшелері арасында өткізіледі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Жаһандық Исламдық қаржы марапатын (GIFA) табыс ету рәсімінде. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстанда банктік сақтандыру, лизинг саласында біршама Исламдық қаржыландыру институттары жұмыс атқарады. «Қазақстанда алғашқы Ислам банкі «Al Hilal» құрылды. 2012 жылы Қазақстан Даму Банкі бірінші рет Исламдық бағалы қағаздарды СУКУК-ты шығарды. Қазіргі уақытта 240 млн. малазиялық ринггит мөлшеріндегі бағалы қағаздары ойдағыдай іске асырылды. 2018 жылы 300 млн. доллар мөлшеріндегі мемлекеттік Исламдық тәуелсіз бағалы қағаздар СУКУК шығару жоспарлануда», - деп Мемлекет басшысы хабардар етті. 

Мемлекет басшысы еліміздің  Исламдық қаржыландырудағы басты және стратегиялық серіктесі болып табылатын Ислам Даму Банкімен Қазақстан тығыз байланыста жұмыс атқаратынын еске салды. «Бүгінгі таңда Қазақстанда банктік қарыз бойынша $500млн. тұратын 23 жоба жүзеге асырылды, тағы $900 млн. тұратын 12 жобаны іске асыру жоспарлануда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасымыз атап өткендей, Исламдық қаржыландыру әлемдегі жылдам дамып келе жатқан индустрияға айналды. Оның жылдық айналымы $2 трлн.-нан асып түсті және соңғы 10 жылда 3 есе ұлғайған. «2020 жылға қарай бұл көрсеткіш $3 трлн.-ға жетеді деп жоспарлануда. Бүгінгі күні Исламдық қаржыландыру институттарының қызметі Исламдық мемлекеттермен ғана шектелмейді. Олардың қатарына Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Франция, Австралия, Үндістан бар. Әлемдегі ең үздік 100 банк өз құрылымдарында Исламдық қаржыландыру элементтерін ашты» , - деп Мемлекет басшысы қорытындылады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Джибути Президенті Исмаил Омар Геллеге жаһандық Исламдық қаржыландыру (GIFA) марапатын табыстады.

 

footop