Шығу тарихы

Шығу тарихы

 

Қазіргі заманғы исламдық қаржы жүйесінің пайда болуы мен дамуы 1963 жылы Египеттегі «Мит Гамр» жинақ банкінің құрылуынан бастау алады. Ол қазіргі заманғы исламдық банк жүйесінің негізін қалады. Бұл банктің басты қызметі Шариғат қағидаларына сәйкес ауыл шаруашылығын қаржыландыру болды.

Сол жылы Малайзияда Меккеге қажылық жасауды қалайтын қажылар үшін «Табун хаджи» жинақ қоры құрылды, ол бүгінгі күнге дейін жұмыс атқарып келеді.

Бұл шаралар исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін жаңа қаржы ұйымдарын құруға серпін берді. Көп ұзамай БАӘ-де (1975), Суданда (1977), Египетте (1977), Люксембургте (1978), Бахрейнде (1979) және Малайзияда (1983) ислам банктері пайда болды.

1973 жылы Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) мүшелері мемлекеттерінің Қаржы министрлерінің бірінші конференциясында Ислам даму банкін (ИДБ) құру ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Шариғат қағидаларына негізделген ИДБ-ң мақсаты ИДБ мүшелері елдері мен әлемнің түрлі мемлекеттеріндегі мұсылман қоғамдастықтарындағы экономикалық даму мен әлеуметтік прогреске септігін тигізу және ИДБ мүшелері арасында өзара ынтымақтастық пен серіктестік, ниеттестік, исламдық экономика, қаржы мен банктік қызметтің дамуына ынталандыру болып табылады. ИДБ ресми түрде өз жұмысын 1975 жылы 20 қазанда бастады.

1979 жылы БАӘ мен Суданда алғашқы исламдық сақтандыру компаниялары құрылды.

1990 жылы Малайзияда Shell MDS Sdn. бірінші сукук шығарылды.

1991 жылы Исламдық қаржы институттарына арналған бухгалтерлік есеп пен аудит халықаралық ұйымы (AAOIFI) тіркелді.  Бұл ұйым – исламдық қаржы ұйымдары мен индустрия үшін  есеп беру, аудит, басқару, этика, Шариғат қағидаларына сәйкестік жайында стандарттар дайындайтын тәуелсіз корпоративті орган.  AAOIFI исламдық қаржыландыру принциптеріне сәйкес ислам банктерінің және қаржы институттарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілер мен стандарттарды енгізуде іргелі рөл атқарады.

1999 жылы Бахрейнде Dow Jones Islamic Index индексі белгіленді.

2002 жылы Малайзияда Исламдық қаржылық қызмет көрсету кеңесі (IFSB) құрылды. Ислам қаржы қызметтері саласының тұрақтылығын, оның ішінде банк және сақтандыру жүйелерін, сондай-ақ капитал нарығын қамтамасыз ететін ұйымдарды реттейтін және бақылайтын халықаралық орган болып табылады. Басты мақсат - елдің қадағалау және реттеу органдарының іс-әрекеттерінің үйлесімділігін қамтамасыз ету және исламдық қаржы институттарының бірыңғай стандарттарын әзірлеу.

Сол жылы Бахрейнде Kuwait Finance House, Dubai Islamic Bank және Bahrain Islamic Bank ислам банктерінің екінші айналымда жүретін сапалы қаржылық активтеріне қол жеткізу мақсатында  Өтімділікті басқару орталығы (LMC) ашылды. Орталық өзіне тиесілі активтерді үкіметтер мен қаржы институттарынан жинақтайды, оларды сукук түрінде қамтамасыз етеді және қаржы делдалдарына (банктерге) уақытша бос қаражаттарды инвестициялауға ұсынады.

2005 жылы Ислам даму банкінің бастамасы бойынша Ислам халықаралық рейтингтік агенттігі (IIRA) құрылды. IIRA – бірінші кезекте ислам елдерінде капитал нарығының және банк секторын бағалаудың толық спектрін ұсыну үшін құрылған рейтинг агенттігі.

2009 жылы Қазақстан исламдық қаржыландыру бойынша посткеңестік аймақтағы алғашқы заң қабылдады. 

Бүгінгі таңда әлемдегі исламдық қаржы индустриясының активтерінің көлемі 2 триллион АҚШ долларынан асады. Бұл әлемдік қаржы индустриясының шамамен 1% құрайды. Сонымен бірге, әлемдік қаржы нарығындағы жағдайға қарамастан, нарықтың осы сегменті өсу динамикасын көрсетуде. PriceWaterhouseCoopers болжамына сәйкес 2017 жылы исламдық қаржы институттарының активтерінің жалпы құны 2,6 триллион АҚШ доллары болады. Ernst & Young мәліметтері бойынша 2018 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 триллион АҚШ доллары деңгейінде болады.

footop